Атап айтқанда, америкалық CNBC және Yahoo Finance басылымдары есептеу қуаттарын арттыруға бағытталған ауқымды жобаларға, соның ішінде Екібастұздағы Data Center Valley жобасына тоқталды. Ал Гонконгте шығатын South China Morning Post басылымы Қазақстанның энергетикалық ресурстарын жасанды интеллект индустриясын дамытудағы артықшылықтарының бірі ретінде атады. Мақалада Дженсен Хуангтың энергияны экспорттап қана қоймай, оны интеллектуалдық өнімдер мен есептеу қуаттарын дамытуға пайдалану маңызды екені туралы пікірі келтірілген.
NVIDIA басшысы ықтимал экономикалық мүмкіндіктердің ауқымы туралы да айтты. Оның бағалауынша, қуаты 5 гигаватт болатын есептеу кластерін құру 250 млрд долларға дейін инвестиция тартуға және 1 трлн доллар көлемінде экономикалық нәтиже беруге мүмкіндік береді.
Алайда Дженсен Хуангтың Silk Way телеарнасына берген түсініктемесіне сүйенсек, бұл әлеуетті іске асыру үшін есептеу қуаттарын құру жеткіліксіз. Қазақстан энергетикалық инфрақұрылымды дамытуы, деректерді өңдеу орталықтарының құрылысын жеделдетуі, NVIDIA технологияларын енгізуі және өз мамандарын даярлауы қажет.
Компания басшысы білім беру саласына ерекше мән береді. Оның пікірінше, бұл бағыт елге күрделі технологиялық жүйелерді басқара алатын инженерлер мен мамандардың жаңа буынын даярлауға мүмкіндік береді.
Қазақстанға халықаралық назардың артуы деректерді өңдеу орталықтарын салу жоспарларымен ғана байланысты емес. Елдің технологиялық бизнесіне салынған инвестициялар да шетелдік басылымдардың назарын аударды.
Bloomberg пен Variety басылымдары NVIDIA мен TCV инвестициялық компаниясының жасанды интеллект көмегімен видео жасауға маманданған Higgsfield стартапына инвестиция салғанын хабарлады. Компанияның Қазақстанмен байланысы бар, ал инженерлік тобының едәуір бөлігі Қазақстанда жұмыс істейді.
Осылайша, халықаралық ақпарат кеңістігінде Қазақстан жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған ірі жобалардың алаңы ретінде ғана емес, сонымен қатар өз технологиялық командалары мен жобалары қалыптасып жатқан ел ретінде де танылды. Бұл бастамалардың экономикалық нәтижесі инвестицияны, қолжетімді энергия ресурстарын, инфрақұрылымды дамыту мен білікті мамандар даярлауды қаншалықты тиімді ұштастыруға байланысты болады.
Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев X әлеуметтік желісіндегі парақшасында NVIDIA басшысының ұсыныстарының практикалық маңызын атап өткен жазбасын жариялады.