NVIDIA Екібастұздағы ДӨО алқабы туралы мақала жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық NVIDIA технологиялық компаниясы Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытуға қажетті есептеу қуатын арттыру бағытындағы жобалар туралы материал жариялады . Онда осы саладағы негізгі бастамалардың қатарында «Қазақтелеком» АҚ, Firebird AI компаниясы және Екібастұздағы ДӨО алқабы жобасы аталған.

Фото: Kazinform/ЖИ

Материал NVIDIA GTC Berlin 2026 конференциясына арналған жарияланымдар топтамасында шықты.

Фото: Ақорда

23 қазанда NVIDIA негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш рет келді. Астанада ол еліміздің жасанды интеллект экожүйесінің дамуымен танысып, студенттермен және технологиялық стартап өкілдерімен кездесті.

Фото: Акорда

NVIDIA мәліметінше, Қазақстанның ірі телекоммуникациялық компаниясы — «Қазақтелеком» Астанада және Алматыда 400 NVIDIA H200 графикалық процессоры мен 480 NVIDIA B300 графикалық процессорын іске қосқан.

Компания 2027 жылы Екібастұз өңіріндегі Data Center Valley деректер орталықтары кластеріне 1 000-нан астам графикалық процессор орнатуды жоспарлап отыр. Бұған қоса, осы өңірде NVIDIA Vera Rubin жаңа буынының мыңнан астам графикалық процессорын орналастыру көзделген. Бұл инфрақұрылымды кәсіпорындар, бағдарламалық өнім әзірлеушілер мен ғылыми ұйымдар пайдалана алады.

NVIDIA өкілдерінің бағалауынша, Қазақстанның жасанды интеллект экожүйесі жоспардан нақты іске көшу кезеңіне өтті. Бұл өзгеріс есептеу инфрақұрылымын құрудан бастап, тілдік модельдер мен қолданбалы сервистерді дамытуға дейінгі бағыттарды қамтиды.

Компанияның пікірінше, жасанды интеллект саласындағы әлеует тек графикалық процессорлар санымен өлшенбейді. Мұндай инфрақұрылымның стартаптарға, университеттерге, зерттеушілер мен өндіріс орындарына қаншалықты қолжетімді болуы да маңызды.

Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі — Екібастұзда салынып жатқан Data Center Valley деректер орталықтары кластері. Болашақта оның энергетикалық қуатын 1 ГВт-қа дейін жеткізу жоспарланған. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жобаны Дженсен Хуангқа таныстырды. Ол кластердің инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен энергетикалық артықшылықтарын, сондай-ақ Қазақстанның жоғары өнімді есептеулер бойынша халықаралық орталыққа айналу әлеуетін түсіндірді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Жобаның бірінші кезеңіне қарастырылған 215 МВт қуаттың барлығы алдын ала бөлініп қойылған. Қуаты 50 МВт болатын алғашқы деректер орталығын 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

— Бүгінде елдердің жасанды интеллект саласындағы бәсекеге қабілеттілігі алгоритмдердің дамуымен ғана емес, өз есептеу инфрақұрылымының болуымен де айқындалады. Сондықтан Екібастұзда Data Center Valley жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Біздің мақсатымыз — Қазақстанды есептеу ресурстарын тұтынушы елден жасанды интеллектіге қажетті қуаттарды әлемдік нарыққа ұсынатын мемлекеттердің біріне айналдыру. Болашақтың технологиялары Қазақстанға сырттан келіп қана қоймай, елімізде жасалып, осында дамығанын қалаймыз, — деді Бағдат Мусин.

NVIDIA жариялаған ақпаратқа сәйкес, Firebird компаниясы Қазақстанға жеткізу үшін 45 мың NVIDIA Grace Blackwell графикалық процессорын экспорттауға АҚШ лицензиясын алған.

Жобаның алғашқы кезеңі Data Center Valley аумағында «Қазақтелекоммен» бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Оны коммерциялық мақсатта іске қосу 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.

Бұдан бөлек, Firebird Қазақстанда Firebird Labs Kazakhstan зертханасын ашуды көздейді. Ол жергілікті жасанды интеллект стартаптары мен зерттеушілерге қолдау көрсетіп, заманауи есептеу қуаттарына қол жеткізуге мүмкіндік бермек.

Жалпы, есептеу инфрақұрылымының дамуы қазақстандық кәсіпорындар, ғылыми ұйымдар мен технология әзірлеушілер үшін жасанды интеллект модельдерін әзірлеу және қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады.

NVIDIA басшысы Қазақстанды Physical AI әлемдік хабына айналдыруды ұсынды.