NVIDIA және AMD Қытайға жөнелтілімдерді жалғастыра алады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Nvidia және AMD компаниялары Қытайға озық жасанды интеллект чиптерін жеткізуді қайта жалғастыра алады, бірақ бұл сатылымдардан түскен табыстың 15%-ын АҚШ бюджетінен аудару шартымен жүзеге асады, деп хабарлайды Reuters.
АҚШ Сауда министрлігі қазірдің өзінде Қытайға чип экспорттауға лицензиялар бере бастады. Бұл экспортқа тыйымды АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі биыл сәуірде енгізген болатын. Өткен айда Nvidia Вашингтонның жеткізуді қайта бастауға рұқсат беруді жоспарлап отырғанын хабарлаған еді.
Экспорттық шектеулер енгізілгеннен кейін Nvidia компаниясы Қытайға чип жеткізе алмау табыстың 8 млрд долларға азаюына әкелуі мүмкін екенін ескертті. Ал AMD корпорациясы биылғы табыстың 1,5 млрд долларға төмендеуін болжап отыр.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа салық алымы компаниялардың пайдасын азайтуы ықтимал. Бұл дүйсенбі күнгі алдын ала сауда барысында-ақ байқалды: Nvidia акциялары 1%-ға, ал AMD акциялары шамамен 2%-ға төмендеді.
Сауда шектеулерінің жұмсарғанына қарамастан, Қытайға жеткізуге рұқсат етілген жартылай өткізгіштердің тізімі әлі де шектеулі болып қала береді. АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне байланысты компаниялар Қытайға ең қуатты және заманауи жасанды интеллект чиптерін сата алмайды.
Бұған дейін АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтік соғыстың Қазақстанға ықпалы туралы жазған болатынбыз.