НВО телеарнасы Головкин-Уэйд жекпе-жегіне арналған промороликті жариялады - ВИДЕО
WBA (Super), IBF және WBC (Interim) нұсқалары бойынша орташа салмақтағы әлем чемпионы, 33 жастағы Геннадий Головкин (34-0, 31КО) өзінің келесі жекпе-жегін 23 сәуір күні Лос-Анджелес маңындағы (Калифорния штаты, АҚШ) The Forum аренасында өткізеді.
Оның қарсыласы - Американың 25 жастағы боксшысы Доминик Уэйд (18-0, 12КО). Бастапқыда Головкиннің қарсыласы міндетті үміткер болып жарияланған Туреано Джонсон болуы тиіс еді, алайда ол иығының жарақаты салдарынан бұл мүмкіндігін пайдалана алмады. Ақыры IBF рейтинг бойынша жақын болған спортшыны тағайындады.
Бұл кеш аясында P4P рейтингінің көшбасшысы, 28 жастағы никарагуалық Роман Гонсалес жекпе-жек өткізеді.
Еске сала кетейік, қазақстандық боксшы үшін бұл WBA титулын 16-шы рет, IBO титулын - 13-ші рет, WBC (Interim) титулын - төртінші рет және IBF титулын бірінші рет қорғауы болмақ.
Головкин кәсіби рингте 34 жекпе-жек өткізіп, соның барлығында жеңімпаз атанған. Бұл ретте қазақстандық боксшы 31 жекпе-жегін уақытынан бұрын аяқтады. Уэйд кәсіби рингте 18 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңген. Соның 12-сінде қарсыласын нокаутқа жіберген.