Нығматулин Бакудегі ТүркПА шараларына қатысуда
Парламентшілер кездесуінің негізгі оқиғаларының бірі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған ұйымның жаңа кеңсесінің ашылуы болды. Сапар барысында қазақстандық делегация басшысы Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия парламентінің спикерлерімен екіжақты кездесу өткізді. Н.Нығматулин Түркияның Ұлы ұлттық жиналысының басшысы Исмаил Кахраманмен кездесуді Стамбұл және Кайсери қалаларындағы лаңкестіктен қаза тапқандардың жанұяларына көңіл айтудан бастады. Ол екі ел арасындағы жаңа тарихи қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтті және Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның 2015 жылы Қазақстанға келген мемлекеттік сапарының және 2016 жылдың сәуір және тамыз айларында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға сапарының маңыздылығына баса назар аударды.
Өз кезегінде И.Кахраман еліміздің биылғы ТүркПА төрағалығының нәтижелерін жоғары бағалады және бүгінгі қауіп-қатерлерлер жағдайындағы парламентшілер диалогы алаңының келешегі мол екенін атап өтті. Одан бөлек, Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздерді Астанада жүргізу мәселесі қозғалды. Түркия парламентінің спикері Астананың бітімгершілік мәселесінде айрықша рөл атқаратынын айтты.
Кездесу соңында Н. Нығматулин әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Әзербайжан Милли Межлисінің төрағасы Октай Асадовпен және Қырғызстан Жогорку Кенешінің Спикері Чыныбай Турсунбековпен парламентаралық байланыстарды нығайтуға серпін беру арқылы, бауырлас мемлекеттердің ынтымақтастығын тереңдетудің өзекті мәселелерін талқылады.