Нығматулин: Жолдау Қазақстанымыздың даму тарихындағы жаңа кезеңді бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Палатаның бүгінгі жалпы отырысын аша отырып Елбасының Жолдауына тоқтала кетті.

«Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы  -  еліміздің тарихи белесін бастаған  өте маңызды құжат.  Онда  Елбасымыз Қазақстан дамуының жаңа  бағыттарын  белгілеп берді.

Осы кезеңде әсіресе,  ұлттық экономиканы  көтеруге ерекше өңіл бөлінді. Бұл ең алдымен халықтың әлеуметтік   жағдайын   күшейтуге   ықпал етеді», - деді Н. Нығматулин.

Мәжіліс спикерінің айтуынша, Жолдау заң шығару органының алдағы нақты мақсаттарын көрсетумен қатар, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында «Қазақстан-2050» Стратегиясын нәтижелі жүзеге асыру үшін барша қазақстандықтарды бір мақсатқа біріктіретін қуатты күшке ие. Депутаттық корпустың алдында тұрған ендігі басты міндет - маңызды құжатты еліміздің әрбір азаматына, әрбір отбасына жеткізіп, түсіндіру. Кең көлемде насихат жұмыстарын қолға алу.

Осыған байланысты ертеңнен бастап Мәжіліс депутаттары барлық аймақтарды аралап, халықпен кездесуге шығады.