деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласы әкімдігі және Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге белгілі тарихшылар, қоғам қайраткерлері, студенттер мен оқушылар қатысты. Оның ішінде Нығмет Нұрмақовтың өмірбаянын зерттеп, ол туралы кітап жазған тарих ғылымының кандидаты, доцент Болат Қабдөшев, Әлихан Бөкейхановтың ұрпағы, бүгінгі қоғамымыздың қайраткері Сырым Бөкейханов, сондай-ақ кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жасырын мұрағатында қызмет жасаған, Нығмет Нұрмақов туралы деректерді жеткізген Болатбек Нәсенов бар.
«Өткен ғасырдың 20-шы 30-шы жылдары Кеңес Одағы кезінде мыңдаған асыл азаматтар озбыр жүйенің құрбандарына айналғаны бәрімізге белгілі. Сол жылдары Нығмет Нұрмақовты да ашық пікірін айтқаны үшін «халық жауы» деген жасанды жала тағып, ұстады. Оның өмірі кімге болса да үлгі болатын өмір. Ол Голощекиннің қате жолын, саясатының дұрыс емес екендігін бетіне басып, дәлелдеп, ұстасып өткен және Мәскеулік орталықтың адуынды өктем саясатына барынша табандалық танытып, қарсы тұрып, көбінде өзінің көреген саясаткер, білікті үкімет басшысы екенін дәлелдей білген азамат болған. Сондықтан, оның өмірін насихаттап, туған күнін атап өту, біздің келешек ұрпақ үшін керек. Тарихты білу, сол кезде мемлекетті, елді басқарған азаматтардың өмірімен танысу - біздің жас ұрпағымызға үлкен сабақ болары анық. Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз да - жастарға тәрбие беру», деді Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы.
Нығмет Нұрмақов Семей облысы Қарқаралы уезіне қарасты Қу болысында туған. Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесін, Омбы мұғалімдер семинариясын, одан кейін, Мәскеу қаласындағы Коммунистік университетті бітірген. Ол тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Оған небары қырық екі жасында «халық жауы» деген айып тағылып, 1937 жылы қыркүйекте ату жазасына кесілді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері 1956 жылдың тамыз айында ақталды.