Нысана көздеуден әлем чемпионатында қазақстандық Арина Алтухова күміс жеңіп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық спортшы Арина Алтухова Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы нысана көздеуден əлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды, ҚазАқпарат тілшісі.

Спортты дамыту дирекциясынан мәлімдегендей, отандасымыз кіші калибрлі винтовкамен 50 метрден 3 позицияда (тік тұрып, жатып, тізерлеп тұрып) оқ атып, 455.7 ұпай жинады.

Бұл сайыста швейцариялық Вивьен Джой Джегги әлем чемпионы атанды. Ол Арина Алтуховадан 1,6 балл артық жинады.

Қола медаль де тағы бір швейцариялық спортшы Эмели Джеггиге бұйырды.

Айта кетейік, жуырда Арина Алтухова осы бағдарламада Қазақстанның VI жазғы Спартакиадасында күміс медаль жеңіп алған.

Сондай-ақ бірнеше ай бұрын Джакартада өткен әлем кубогында топ жарды.