Нысана көздеушілер әлем чемпионатынан тағы 2 алтын, 2 қола алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында өтіп жатқан нысана көздеуден жасөспірімдер арасындағы əлем чемпионатында бүгін қазақстандық спортшылар 2 алтын, 2 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

instagram.com/drs_kz

Дүниежүзінің 45 мемлекетінен келген 600-ге жуық атлет бірнеше күн бойы жүлделерді сарапқа салды.

Дүбірлі додада жылжымалы нысана көздеуде (10 м, ауыспалы ритм) еліміздің әйелдер құрамасы жеңіс тұғырына көтерілді.

Бәсеке барысында Қазақстан намысын апалы-сіңлілі Зухра және Фатима Ирназарова, Александра Сәдуақасова қорғады.

Аталған бағдарламаның жекелей сынында Фатима Ирназарова тағы бір алтын алса, Зухра Ирназарова қола жүлдегер атанды.

Сондай-ақ, жылжымалы нысана көздеуде (10 м, ауыспалы ритм) еліміздің ерлер құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

Жарыста Асадбек Назиркулев, Илья Зотеев, Даниил Яковенко жылдам және жәй жылжитын нысанаға оқ атып, 1080 ұпай жинады. Алда - Украина мен Финляндия спортшылары.

Әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар барлығы 4 алтын, 4 күміс жəне 2 қола медальге ие болып, жалпы есепте үздік бестікке кірді.

Еске салсақ, бұдан бұрын күрес түрлерінен Қазақстан балуандары Иорданиядағы Азия чемпионатынан 37 медаль жеңіп алды.