Нью-Делиде бір миллион қаңғыбас ит қайтадан көшеге шығарылды

Фото: Freepik

НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM — Үндістанның Жоғарғы соты Нью-Дели қаласындағы шамамен бір миллион қаңғыбас иттің қала көшелерінде еркін жүруіне рұқсат берді, деп жазды Kazinform агенттігі CNN-ге сілтеме жасап.

Бұған дейін қалада иттердің адамдарға шабуыл жасағаны туралы алаңдатарлық жағдайлар тіркелген болатын. Балаларды ит талап, өлтірген жағдайлар да бар. Осыған байланысты, 12 тамыз күні Жоғарғы сот барлық қаңғыбас иттерді сегіз аптаның ішінде ұстап, тұрақты түрде приюттарға орналастыру туралы шешім шығарған еді.

Алайда бұл шешімге зооқорғаушылар қарсы шықты. Олар қаланың мұндай көлемдегі жануарларды орналастыруға қажет инфрақұрылымнан жұрдай екенін мәлімдеген. Сарапшылардың есебі бойынша, Нью-Делиде 1 миллионға жуық қаңғыбас ит бар.

Сыннан кейін Жоғарғы сот өз шешімін қайта қарап, жаңа қаулы қабылдады.

Жаңа шешімге сәйкес:

  • Қаңғыбас иттер ұсталып, стерилизация және вакцинация жасалады;

  • Одан кейін сол ұсталған ауданына қайта жіберіледі;

  • Тек құтыру немесе агрессивтілік белгілері бар иттер ғана көшеге жіберілмейді.

Сонымен қатар, Жоғарғы сот бұл шешімнің елдің барлық өңіріне қатысты екенін нақтылады. Бұған қоса, иттерге көшеде тамақ беруге тыйым салынды және оларды қоректендіруге арнайы орындар ұйымдастыру ұсынылды.

Деректерге сүйенсек:

  • Press Trust of India мәліметі бойынша, Үндістанда 62 миллионға жуық қаңғыбас ит бар;

  • ДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) Үндістанды құтыру індеті бойынша эндемиялық ел ретінде санайды – бұл елде әлемдегі құтырудан болатын өлім-жітімнің 36%-ы тіркеледі.

Еске сала кетсек, бұған дейін Еуроодақ барлық мысық пен итке чип орнатуды жоспарлап отырғанын хабарлаған едік.