Нью-Йорк мэрі қызметіне кім үміткер

Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың 4 қарашасында өтетін сайлауда Нью-Йорк қаласының мэрі қызметіне үш үміткер таласады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Демократиялық партияның өкілі, Нью-Йорк штаты заң шығару жиналысының мүшесі, 33 жастағы Зохран Мамдани 24 маусымда партияішілік сайлауда сенімді түрде жеңіске жетіп, Нью-Йорк штатының бұрынғы губернаторы Эндрю Куомодан (2011–2021) 13 пайыздық тармаққа озып өтті.

Ол сайлаушылардың назарын баспананы қолжетімді, автобустарды тегін ету, пәтерлерді жалға алу және қалалық азық-түлік дүкендеріндегі бағаны бақылау туралы уәделерімен тартты. Қарсыластары оның үкіметтегі шектеулі тәжірибесіне және Израильді сынауына қатысты алаңдаушылық білдірді.

«Guardian Angels» компаниясының негізін қалаушы және бас директоры 71 жастағы Кертис Слива Республикалық партияның атынан үміткер болады. Ол WABC консервативті радиостанциясында бағдарлама жүргізеді және ондаған жыл бойы азаматтарды бақылау тобын басқарған Guardian Angels-ті басқарып отыр. Ол мэрдің көші-қон дағдарысына байланысты әрекеттерін сынап, жаңа баспаналардың ашылуына қарсы шықты.

Нью-Йорктің бұрынғы губернаторы 67 жастағы Эндрю Куомо сайлауға тәуелсіз кандидат ретінде түседі. 

Демократиялық партияның праймеризі кезінде ол штат губернаторы ретінде жетістіктеріне назар аудартты, соның ішінде ірі инфрақұрылымдық жобалардың аяқталуы және ең төменгі жалақыны көтеру бар. Ол екінші орын алды және жалпы сайлауға үшінші партиядан кандидат ретінде қатысуды жоспарлап отыр.

Штат сияқты Нью-Йорк қаласын да тарихи түрде Демократиялық партияның өкілдері басқарған, яғни Зохран Мамдани мен Эндрю Куомо электорат тарапынан Кертис Сливадан артықшылыққа ие болады.

Олардың бір партияға мүше болуына қарамастан, Дональд Трамп республикашыл Кертис Сливаның Нью-Йорк қаласының мэрі ретінде кандидатурасын қолдаған жоқ. Fox & Friends бағдарламасының эфирінде президент оның жеңіске жету мүмкіндігіне күмән келтіріп, тіпті кандидаттың жеке қалауын келемеждеді.

— Мен республикашылмын, бірақ Кертис прайм-тайм үшін лайықсыздау. Ол Грейси жекежайында мысықтарды қалайды… Бізге мыңдаған мысық керек емес, — деді Трамп «Fox & Friends» бағдарламасында.

Слива мен оның әйелі пәтерде құтқарылған 15 мысықпен бірге тұрып жатыр. Трамп пікірінше, кандидаттың демократ Зохран Мамданимен бәсекелесуге ықпалы мен беделі жоқ. 

Манхэттен институты (биылғы жылдың 10-16 маусымы) және Эмерсон колледжі (биылғы жылдың 23-26 мамыры) жүргізген сауалнамалары бойынша, Зохран Мамадани сәйкесінше 33% және 35% дауыс жинаған. Екінші орында Кертис Слива тұр — 16%-16%.

Ақ үй Демократиялық партияның саясаты болатын DEI конституциялық емес принциптеріне негізделмегенін қамтамасыз ету үшін Нью-Йорк қаласының инфрақұрылымын қаржыландыруға 18 миллиард долларды тоқтатады деп бұрын хабарланған болатын.

Бұған дейін Ақ үй Нью-Йорк инфрақұрылымына жоспарланған 18 млрд долларды тоқтататынын жазған болатынбыз