Нью-Йорк теміржолындағы ереуіл 300 000 жолаушы қозғалысын тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Нью-Йорк штатындағы мыңдаған Лонг-Айленд теміржол жұмысшылары ресми түрде ереуіл жариялап, Америка Құрама Штаттарындағы ең қарбалас теміржолды тоқтатты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы тілшісі.

Фото: timesfreepress.com

FOX Business-тің хабарлауынша, Нью-Йорк қалалық транзит басқармасы мен бес теміржол кәсіподақ коалициясы арасындағы жалақы бойынша келіссөздер сәтсіз аяқталған. Салдарынан ереуіл басталып, теміржол шамамен күніне 300 000 жолаушыға қызмет көрсетуді тоқтатты.

Нью-Йорк қаласының шенеуніктері тығыз қоныстанған аймақтағы кептелістер мен кідірістерге байланысты жолаушыларды мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеуге шақырды.

Экономикалық белсенділіктің төмендеуіне байланысты теміржолдың үзілуі аймақтық экономикаға күніне 61 миллион долларға дейін шығын әкелуі мүмкін.

Айта кетейік, Лонг-Айленд теміржолының ереуілі 1994 жылдан бергі алғашқы ереуіл. Кәсіподақ жетекшілері жаңа еңбек шарты бойынша келіссөздер жүріп жатқан кезде жұмысшылардың жалақысын үш жылдан астам уақыт бойы көтермегенін айтты.

Бұған дейін Нью-Йоркте тоқпен жүретін әуе таксиі таныстырылғаны белгілі болды.