Бетті трансплантациялау операциясынан кейін алты ай өткен соң, көзінің сол жақ бөлігіндегі қан тамырлар жүйесі жұмыс істей бастаған және көз торы қалыпқа келген.
«Көз трансплантациясының өзі — алға жасалған үлкен қадам. Бұл ғасырлар бойы адамзат ойында болғанымен, осы уақытқа дейін орындалмай келген қадам еді», — дейді хирургтер тобын басқарған Эдуардо Родригес.
Осы уақытқа дейін дәрігерлер көздің алдыңғы мөлдір қабатын ғана ауыстыра алған.
Реципиент Аарон Джеймс — Арканзас штатынан келген 46 жастағы әскери қызметкер, ол жоғары вольтты электр желісін тартушы болып жұмыс істеген. 2021 жылы оның беті ток өткізетін сымға тиіп, денесі арқылы 7 200 вольттық ток соққан. Салдарынан бетінің сол жағы, мұрны, аузы және сол көзі мен сол қолы қатты жарақаттанған.
Мамыр айының соңында 140-тан астам хирургтен тұратын топ Аарон Джеймстің сол көзі мен бетінің бір бөлігін трансплантациялады. 21 сағатқа созылған операция туралы CNN жазған болатын.
«Көз алмасын трансплантациялау — көру қабілеті қалпына келмесе де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», — дейді Родригес.