Әлемнің әртүрлі елдеріндегі әншінің жанкүйерлері бірнеше жыл қатарынан Нью-Йорктің дәл жүрегінде осындай ерекше құттықтау іс-шараларын ұйымдастырып келеді.
Биыл америкалық Dears қауымдастығы жаңбырлы ауа райына қарамастан, Димаштың 32 жасқа толуын атап өту үшін бас қосты.
Жанкүйерлер Таймс-скверге жиналып, мерекелік экрандарды тамашалап, ерекше сәттің қуанышын бірге бөлісті.
Сонымен қатар, Димаш ізгі ниет елшісі болып табылатын Халықаралық көші-қон ұйымының (ІОМ) қайырымдылық бастамасына US Dears қосылды. Бұған дейін өнерпаз гуманитарлық миссия аясында Бангладешке барып, мәжбүрлі қоныс аударушылар лагерінде болып, қолдауға мұқтаж жандармен кездескен еді.
Dears қауымдастығы Димаштың шығармашылығы мен қоғамдық қызметі арқылы насихаттап жүрген мейірімділік, өзара қолдау және бірлік идеяларын қолдауды жалғастырып келеді.
Осыған дейін Бельгияда Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған арнайы радиобағдарлама эфирге шыққаны туралы жаздық.