Ө. Шөкеев Қазақстандық ипотекалық компания арқылы несиелер беру тетігін күшейтуді ұсынды

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пәтер сатып алушыларға Қазақстандық ипотекалық компания арқылы ипотекалық несиелер беру тетігін күшейтуді, екінші деңгейлі банктерді бұл үдеріске қатыстырмауды ұсынды.

Ол бұл пікірін бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кеңесте тұрғын үй нарығын қолдау үшін екінші деңгейлі банктерге берілген қаржының игерілу қарқыны төмен екендігіне тоқталған Ө. Шөкеев, бұл проблеманы шешу үшін қандай да бір шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін айтты. «Бізге екінші деңгейлі банктер қатыспайтын ипотекалық несиелеу тетігін жандандыру қажет. Яғни, Қазақстандық ипотекалық компания арқылы жұмыс істеу керек. Ол үшін Қазақстандық ипотекалық компанияның Астана мен Алматы қалаларында еншілес компанияларын құрып, тікелей ипотекалық желілер ашып, банктерсіз жұмыс істеген жөн. Банктерге берген ақшаларды қайтарып алу қажет. Менің ойымша, бұл біз істеуге тиісті шаралардың бірі», - деді бірінші Вице-Премьер. Оның сөзіне қарағанда, Астана мен Алматы қалаларында Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында 20 мыңға жуық пәтер дайын болады, жыл соңына дейін олардың 70 пайызы сатылуы тиіс. «Құрылыс салушылар қауымдастығының call-орталықтарына бүгінгі күні еркін баға бойынша пәтер сатып алу үшін ипотекалық несие алуға 4700 адам өтініш жасаған. Алдын ала сараптама, олардың 2200-нің төлемге қабілетті жандар екенін көрсетті. Екінші деңгейлі банктер арқылы 499 адам ғана өткен. Яғни, банктерде қаржыны игеру қарқыны өте төмен», - деді Ө. Шөкеев.