Ө. Шөкеев: «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын сатып алған жоқпын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жылына IPO-ға бір компаниядан өткізген дұрыс. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

«Былтыр «Халықтық IPO» нарығына «ҚазТрансОйл» компаниясының он пайызын шығардық. Бұл жұмыстар сәтті өтті деп айтуға болады. Басында «ҚазТрансОйл» акциялары 750 теңгеден сатылса, қазіргі нарықта оның құны 1 250 теңгеге жетті»,-деді Басқарма төрағасы.

Осы орайда Ө. Шөкеев «Халықтық IPO» бағдарламасы міндетті түрде жалғасатынын атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, биыл «KEGOC» акционерлік қоғамы «Халықтық IPO» мемлекеттік бағдарламасының аясында өз акцияларын саудаға шығаруды жоспарланып отыр.

«Кедергі келтірмес үшін IPO-ны жиі өткізуге болмайды. Жылына бір компаниядан өткізсек дұрыс болады деген ойдамын»,-деді Басқарма төрағасы.

Сонымен қатар Ө. Шөкеев тілшілер сауалына жауап беру кезінде «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын сатып алмағандығын жеткізді.