Ө.Түсімовтың кетуіне Жол полициясы комитетінің қызметіндегі кемшіліктер себеп болған ? ІІМ-нің өкілі

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жол полициясы комитеті төрағасының орны бос тұр. Әзірге бұл қызметті кімнің атқаратыны белгісіз. Бүгін аталмыш комитет төрағасының қызметінен босауына байланысты ресми жауап қайтарған Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары

Ернұр Уәли журналистермен болған брифингте осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, жақында Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісі өтіп, онда министр Жол полициясы комитетінің қызметін қатаң сынға алған. «Бұл ретте, әсіресе, Жол полициясы комитетіндегі жемқорлық пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты олқылықтар ортаға салынды. Сонымен қатар жүргізуші куәлігіне қосымша берілетін талондар мәселесі де сөз болды. Осы жайттардың барлығы қатты айтылған соң Ө.Түсімов өз еркімен қызметінен кететіндігін білдірді. Қазір Жол полициясы комитеті төрағасының орны бос», - деді департамент бастығының орынбасары.