Объектілердегі өнеркәсiптiк қауiпсiздiк деңгейін айқындау тәртібі өзгермек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Объектілердегі өнеркәсiптiк қауiпсiздiк тәуекелінің дәрежесін анықтау тәртіптері өзгеруі мүмкін. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Төтенше жағдайлар министрі мен Ұлттық экономика министрінің бірлескен бұйрығында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көпшілік талқылауға шыққан құжат «балл» және «деректерді қалыпқа келтіру» терминдерімен толыққан. Балл - тәуекелді есептеудің сандық өлшемі болса, деректерді қалыпқа келтіру - әртүрлі шкалаларда өлшенген мәндерді шартты түрде жалпы шкалаға келтіруді көздейтін статистикалық рәсім.

«Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау және қадағалау объектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды немесе берілген рұқсаттардың талапқа сәйкестігін тексеру бірнеше кезеңмен жүзеге асырылатын объективті және субъективті өлшемшарттар арқылы қалыптастырылады», - деп көрсетілген бірлескен бұйрықта.

Құжатта көрсетілгендей, объектілерлегі өнеркәсіптік қауіпсіздік объективті өлшемшарт негізінде мынадай тәуекел дәрежелеріне бөлінеді:

- жоғары тәуекел;

- орташа тәуекел;

- төмен тәуекел.

«Объективті өлшемшарттар бойынша жоғары, орташа және төмен тәуекел дәрежесіне жатқызылған бақылау және қадағалау объектілеріне профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі», - деп көрсетілген құжатта.

Сонымен қоса, объектілерге қадағалау субъективті өлшемшарт бойынша жүрігзіледі. Бұл тексерулер негізінде де тәуекелдің үш деңгейі анықталады.

«Субъективті өлшемшарттар бойынша тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша бақылау және қадағалау объектісі:

- тәуекел дәрежесінің көрсеткіші 71-100 балл аралығында болған кезде объекті тәуекелдің жоғары дәрежесіне енеді;

- тәуекел дәрежесінің көрсеткіші 31-70 балл апралығында болған кезде оъекті тәуекелдің орташа дәрежесіне енеді;

- тәуекел дәрежесінің көрсеткіші 0-30 балл аралығында болған кезде объекті тәуекелдің төмен дәрежесіне жатқызылады», - деп жазылған бұйрықтың түсіндірмесінде.

Кейін объективті және субъективті өлшемшарт нәтижесінде алынған деректер топтастырылып, объектідегі өнеркәсіптік қауіпсіздік дәрежесі айқындалады.

Айта кетейік, қолданыстағы заңнамада мұндай нормалар жоқ.

Бірлескен бұйрықты талқылау 31 қаңтарға дейін жалғасады.