«Объектив Казахстан» ребрендинг өткізіп, ақпараттық-сараптамалық порталға айналды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Объектив Казахстан» ақпараттық агенттігі ребрендинг өткізіп, ақпараттық-сараптамалық порталға айналды, деп хабарлайды obk.kz.

«Атауы өзгеріп қана қойған жоқ, кәсіби өзгеріс жасалды. Жаңа команданың бірінші мақсаты - ребрендинг өткізу, порталдың жаңа моделін дайындау. Ол орындалды. Енді жаңа интерфейс, жаңа мазмұн, жаңа жұмыс стилін қалыптастырады. Біздің алдымызда екінші, бұрынғысынан күрделірек тапсырма тұр, ол - ақпараттық ресурс аудиториясын кеңейту. Қиын дейтініміз, Қазақстанда желілік басылымдар нарығы айтарлықтай жақсы дамыған. Объектив.kz-тің жаңа командасы жаңа кәсіби мақсатты жүзеге асырады - журналистиканың ескі мектебін оld school-ды жаңа технологиялармен біріктіреді. Сондай-ақ, порталда бұған дейін ақпарат  агенттігінде болмаған мемлекеттік тіл контенті пайда болды», - деп хабарлайды ақпараттық-сараптамалық портал.

Бұдан өзге, портал жуырда видео және аудио контенттермен жұмыс істеп, қазіргі заманғы кәсіби беталысқа, оқырмандардың интеллектуалды және технологиялық деңгейіне сай қызмет көрсетпек.