Обама әкімшілігі Орталықазиялық аймақпен түгелдей экономикалық әріптестікті дамытуға мүдделі - Р.Блейк

ТАШКЕНТ. 19 ақпан. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Обама әкімшілігі АҚШ-тың Орталықазиялық өңірмен түгелдей экономикалық әріптестігін дамытуға үлкен көңіл бөледі. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Роберт Блейк жұма күні Өзбекстан астанасында мәлім етті.

17-18 ақпан күндері АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Роберт Блейк Ташкентке сапар жасады. Мемлекеттік хатшының көмекшісімен бірге Құрама Штаттардағы ірі компания өкілдері де Өзбекстанға келді.

Сапары барысында Р.Блейк екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы Жыл сайынғы екіжақты консультациялардың екінші раундына қатысты.

Сонымен қатар АШҚ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Американ-Өзбекстан бизнес форумына қатысты, форумға сондай-ақ «Эксон Мобил», «Боинг», «Дженерал электрик Энерджи» сияқты Американың ірі компанияларының өкілдері де келген еді.

Бизнес-форумда сөз алған Р.Блейк Обама әкімшілігі АҚШ-тың Орталықазиялық өңірмен түгелдей экономикалық әріптестік орнатуға үлкен көңіл бөлетіндігін жеткізді.

Сонымен қатар АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі БАҚ өкілдері үшін қорытынды баспасөз мәслихатын өткізіп, Өзбекстан азаматтық қоғамының белсенділерімен кездесті.