Обама АҚШ-тың келесі президенті әйел адам болады деген сенімде

АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - АҚШ-тың болашақ президенті әйел адам болады деген сыбыстар кездейсоқ емес. Бұл туралы Американың көшбасшысы Барак Обама АВС арнасына берген сұхбатында айтқан. Оған ол өзінің жұбайы Мишель Обамамен қатысқан.

«Біздің елде мемлекеттік қызмет жұмысын жап-жақсы атқарып жүрген әйелдер баршылық. Жақын арада біздің елді әйел-президент басқарады дегенге ешқандай күмәнім жоқ», - деді сенімді түрде Обама. АҚШ-тың бірінші ханымы өзінің жұбайының орнына таққа отырғысы келмейтінін атап өтті. «Әрине, жоқ», - деп мәлімдеді ол.

АҚШ-тың болашақ әйел-президенті жайлы сыбыстар кездейсоқ емес. Ертеректе Американың бұрынғы президенті Билл Клинтон жақын арада елді әйел адам басқарады деп болжаған еді. Саясаткер онда өзінің жұбайы Хилари Клинтон жайлы айтқан болуы керек.

2008 жылы Хилари Клинтон «праймеризде» жинаған дауысы аз болып, жеңіс Обамаға бұйырған болатын.

Сұхбат беру кезінде президенттік жұп қарапайым отбасылық сұрақтарды сөз етті. Обама мен оны әйелі 2017 жылы президенттік мерзім аяқталғаннан кейін қайда тұратынын әлі шешпегендерін айтты. Олардың мектепте оқитын қыздарына көмектесу үшін Вашингтонда қалулары әбден мүмкін.

Президент болып сайланғанға дейін олар Иллинойс штатында Чикагода тұрып келген. Обаманың үлкен қызы Малия 2017 жылы, шамамен алғанда, университетте оқитын болады, деп жазады «Сегодня.ua».