Обама байларға салық көбейту жөніндегі ұсынысты қолдады

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - АҚШ президенті Барак Обама елдің ең ауқатты адамдарының бірі, Berkshire Hathaway инвестициялық холдингісінің басшысы Уоррен Баффеттің бай америкалықтарға салық көбейту және шығындарды азайту бюджет дағдарысын жеңіп, елдің мемлекеттік қарыздарынан құтылуға көмектеседі деген ұсынысын қолдады.

Бұл пікірін Б.Обама АҚШ-тың Орталық Батысы бойынша жасаған автотур барысында мәлімдеді, деп жазады Reuters.

«У.Баффетт мырзамен салыстырғанда, қатардағы америкалықтардың жалақысы төмен болғанмен, салынатын табыс салығы олар үшін жоғары», - деді президент.

Бұған дейін У.Баффеттің хабарлағанындай, өткен жылы ол қазынаға 7 млн. доллар төлеген, алайда ол оның табысының тек 17%-ына ғана тең, ал оның компаниясының қалған қызметкерлеріне салынған салық мөлшерлемесі орта есеппен 36% құраған. У.Баффеттің пікірінше, салық төлеушілердің басым бөлігі үшін қолда бар салық мөлшерлемелерін қалдыру керек, алайда жылдық табысы 1 млн. доллардан асатын адамдар үшін салық мөлшерін көбейткен жөн.