Обама Forbes нұсқасы бойынша ең ықпалды адамдар тізімін басқарды

ТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - АҚШ Президенті Барак Обама Forbes америкалық іскерлер журналының нұсқасы бойынша ғаламшардағы ең ықпалды адамдар тізімін басқарды, деп жазды bnews.kz порталы.

Ел экономикасының құлдырауы мен жұмыссыздық санының күрт өсуінен Обаманың өз еліндегі беделінің төмендеп кетуіне қарамастан, Forbes АҚШ президентінің халықаралық аренада сіңірген еңбегін басты назарға алған. Обаманың арқасында, деп жазады Forbes, Америка Құрама Штаттары әлемдегі ең ықпалды мемлекет болып қалуда. Reuters-тің рейтингке берген түсініктемесі бойынша, Обаманың ел алдында беделі «Әл-Каида» басшысы Усама бен Ладеннің көзін құртып, Муаммар Каддафидің өлімімен аяқталған НАТО-ның Ливиядағы сәтті операциясынан кейін арта түсті.

2012 жылы Ресей президенттігіне сайлауға түсетіндігін мәлімдеген Владимир Путин бұл рейтингтің екінші орнына орналасты, ал осы елдің қазіргі президенті Дмитрий Медведев ықпалды адамдардың тек 59-шы орнында, деп жазады Лента.ру.

Үшінші орында - былтырғы жылғы рейтингтің көшбасшысы ҚХР Президенті Ху Цзиньтао. Рейтинг құрастырушылар Ху Цзиньтаоның үшінші орынға түсіп қалуын жақын арада оның Қытай Коммунистік партиясы ОК бас хатшысы тағынан кетуімен түсіндіреді. Болжам бойынша оның орнына осы рейтингтің 69-шы тізбегіне тұрақтаған Си Цзиньпинь келуі мүмкін.

Журнал рейтингісінің төртінші орны Германия канцлері Ангела Меркельге бұйырды. Әлемнің ең ықпалды адамдарының алғашқы бестігін Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтс тұйықтады.