08:04, 17 Маусым 2009
Обама Иранның ішкі ісіне араласпақ емес
ВАШИНГТОН. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат - Иранның ішкі ісіне Вашингтонның араласуы не демократия ісіне, не АҚШ-тың беделіне пайда әкелмейді.
АҚШ Президенті Барак Обама осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Дегенмен америка басшысы Ирандағы президенттік сайлаудағы дауыс берудің әділдігіне келтірілген күмәндерге байланысты тағы да «өзінің терең алаңдаушылығын» білдіріп өтті. Обама, қоғамның соңғы президенттік сайлаудың ресми қорытындысын мойындамауына байланысты елде орын алған тәртіпсіздіктер Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиге біраз ой салды, деп санайды.
Естеріңізге сала кетейік, Хаманеи маусымның 12-сінде өткен президенттік сайлаудағы дауыстардың есептелуінің әділдігін тексеруге нұсқау берді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдардың хабарлауынша, Хаменеи Иран Конституциясының Сақшылар кеңесіне Иранның жаңадан сайланған президенті Махмұд Ахмадинежадтың негізгі қарсыласы реформашыл Мир-Хоссейн Муссауи мен ел президенттігінен үміткер тағы екі кандидат Мехди Карруби мен консерватор Мохсен Резаидан түскен сайлау барысындағы заңбұзушылықтарға жол берілгені туралы шағым-арыздарды егжей-тегжейлі тексеруді тапсырды. Дегенмен, Ирандағы бірінші билікке ие Хаменеи маусымның 13-індегі сайлаудың қорытындысын «Алланың еркі» деп атап, ұлтты Ахмадинежадтың төңірегіне бірігуге шақырған болатын.