Облыстық бюджетті әлсіретіп алмау керек – Сенат төрағасы

Фото: Фото: Александр Павский/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаттары облыстық бюджетті толық қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Бекболат Орынбеков кейінгі кезде жиі талқылынап жүрген қосылған құн салығын 12 пайыздан 20 пайызға дейін көтеру мәселесіне тоқталды.

- Егер осы ұсыныс шешімін тапқан жағдайда, әлеуметтік салықты жою ұсынылды. Ал аталған салық жергілікті бюджеттердің төрттен бір бөлігін құрап, маңызды кіріс көздерінің біріне айналған. Ол бәрімізге белгілі. Бүгін талқыланып жатқан Бюджет кодексінде бөлу нормативтеріне сәйкес, әлеуметтік салық облыстық және аудандық бюджетте қалды.

Ал кейбір корпоративті әрі жеке табыс салықтары үшінші әрі төртінші деңгейге беріліп отыр. Бұл қаншалықты орынды екені туралы депутаттар арасында қаралған еді. Егер әлеуметтік салық жойылатынын ескерсек, онда қандай кіріс көздері облыстық бюджетке қалады? Біріншіден, мұндай жағдайда шығындардың болжамды сомасы қандай және облыстық бюджет қалай өтеледі? Екіншіден, жаңа модель бюджеттің барлық деңгейлері арасында кіріс көздерін бөлу механизмі қалай қарастырылады? - деді Б. Орынбеков. 

Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС қандай деңгейде болатыны туралы дәл қазір нақты шешім қабылданбағанын еске салды. 

- Қазіргі кезде облыстық бюджеттерде тек әлеуметтік салық қалды. Қалғандарының бәрін үшінші, төртінші деңгейге бердік. Сол себепті қазір басқа ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ нақты айтайын, қазір максималды деңгейде болса, облыстардың шығыны 1,6 трлн теңге шамасында. Үкімет бюджетінің кірісі 5-7 трлн теңге болады. Сол себепті қаражат жетеді, толығымен трансферт арқылы жергілікті бюджеттерге субвенция беруге мүмкіндік бар. Атап айтқанда, (қосымша құн салығына қатыс) шешім әлі қабылданған жоқ. Осы жылы тағы да үш жылдық цикл басталады. Жалпы сипаттағы трансферттерді бөлу керек. Әр облыстың жағдайын қарап, субвенция бөлеміз, – деп түсіндірді Үкімет басшысының орынбасары.

Сонымен қатар Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл тақырып депутаттар арасында құызу талқыланғанын атап өтті.

- Оған дейін аудандық, ауылдық деңгейдегі бюджеттердің тұрақтылығы туралы біраз мәселе көтерілген. Сол деңгейдегі бюджеттерді толтырып, тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұл мақсатқа жетеміз деп, сондай-ақ үшінші және төртінші деңгейдегі бюджеттерді күшейту жолында облыстық бюджетті әлсіретіп алмаймыз ба? Сенторлар осы мәселені көтеріп отыр. Өйткені көп функциялар қазір облыстық деңгейде қалып отыр... Егер корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы аудандық, ауылдық деңгейде өтіп кетсе, бірақ функциялар облыста қалса, ары қарай орталықтан ақша сұрау керек болады. Бұл ретте, «облысқа ертең біраз қиындық туғызбаймыз ба?» деген сұрақ біраз талқыланды. Әрине, бұл жерде Үкіметтің логикасын түсініп жатырмыз. Аудан әкімдері сайланады, сайланған әкімдердің жоспарын іске асыру үшін қаржысын қамтамасыз етуіміз керек. Ары қарай да заң қабылданып жатса, осы концепцияны депутаттар қолдаса, онда осы тетіктің әрі қарай қалай жүзеге асырылатынын мұқият қарауымыз қажет. Егер жарты немесе бір жылдан кейін проблемалар туындаса, тиісті өзгерістерді Бюджет кодексіне енгізуіміз керек, – деді Сенат төрағасы.

Еске салсақ, жақында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттің ҚҚС мөлшерлемесін көтеру жоспарына түсініктеме берді.