«Мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорты мектептерінің саны соңғы кездері артып келеді. Ол мектептерде үш жүз мыңнан астам оқушылар білім алуда. Жалпылай алғанда, балалар мен жасөспірімдердің он бес пайызы спортпен және дене шынықтырумен қамтылған. Біздің министрлік тарапынан спорт шараларын қаржыландыруды жетілдіру үшін заңнамалық базалар жетілдірілуде», - деді А. Мұхамедиұлы.
Министрдің айтуынша, спорт пен дене шынықтыру саласын қаржыландыруда үлкен теңгерімсіздік орын алып отыр.
«Мәселен, жергілікті облыс бюджеттерінен қомақты қаражат футбол мен хоккей командаларын қаржыландыруға бөлінеді. Ал бұқаралық спортты қаржыландыру қалдық қаражат қағидатымен жүргізіліп жатыр. Бұл дұрыс емес әрі күрделі мәселе. Біз осы мәселені заң жүзінде реттеуді қолға алатын боламыз. Яғни, облыс әкімдіктері негізгі қаражатты бұқаралық спортты дамытуға жұмсауы керек. Өйткені, қазіргі күні әсіресе ауылдық жерлердегі спортты дамыту кенже қалып барады», деді министр А. Мұхамедиұлы.