Бұл жайында бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2016 жылдың қорытындысы бойынша, минералды тыңайтқыштар қолдану көлемі 260,9 мың тоннаны құрады. Бұл 2015 жылғы деңгейден 30 мың тоннаға немесе 10 пайызға кем. 2017 жылы 277,1 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алу жоспарланған. Бұл да 2015 жылғы көрсеткіштен 5 пайызға төмен болып отыр. Мұндай жағдай облыс әкімдерінің жыл сайын тыңайтқыш сатып алуға бөлінген бюджет қаржысын субсидиялаудың басқа бағыттарына беріп жіберуінен орын алуда», - деді Айтуғанов.
Мәселен, оның дерегінше, 2017 жылы Қостанай облысының әкімдігі тыңайтқыштарды субсидиялауға 513,6 млн. теңге қарастырып отыр. Ал бұл 2014 жылғы қаржы көлемінен 45 пайызға кем. Ақмола облысының әкімдігі болса жергілікті бюджеттен ағымдағы жылға 1,6 млрд. теңге қаржы бөлмек. Ол да 2015 жылғы бөлінген қаржыдан 24 пайызға аз болып отыр.
«Облыс әкімдіктері ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру және топырақтың құнарлығын сақтау үшін минералды тыңайтқыштарды арзандатуға арналған бюджет қаржысының басқа мақсаттарға бөлінуіне жол бермеуі тиіс", - деді бірінші вице-министр.