Облыс әкімі «Нұр Отанда» қабылдау жүргізді
Облыс әкіміне «Зеленстрой» шағын ауданын абаттандыру мәселесі бойынша Павлодардың осы ауданы тұрғындарының ынталы тобы келді. Олар шағын ауданда мектептің, дәріхананың, балабақшаның, учаскелік дәрігердің жоқтығына шағымданды. Ауызсу мәселесі де өткір тұр. Бірнеше жыл қатарынан қала басшылығына жасаған өтініштері жауапсыз қалуда. Бақытжан Сағынтаев Павлодардың әкіміне бұл мәселені тексеруді тапсырды. Келесі жұма күніне Бақытжан Жоламановтың халықпен кездесуі жоспарланған. Аймақ басшысы қала әкіміне көтерілген әрбір мәселе бойынша шешім қабылдауды тапсырды.
Кереңдер қоғамының төрайымы Светлана Алейник қабылдауға ұйымды жылумен қамтамасыз ету мәселесімен келді. Бірнеше жыл бұрын іске қосылған кереңдер қоғамының ғимараты осы жылдар бойы жылусыз отыр. Бақытжан Сағынтаев қала әкіміне жақын арада мәселені шешуді тапсырды. Тыл еңбеккері Емберген Шақатов Жеңістің 65 жылдығына орай бір жолғы жәрдемақы беруді сұрап келді. Бұл мәселе де оң шешім тапты - ақсақал «Қамқорлық» айлығы аясында 15 мың теңге алатын болды.
Ал Павлодардың тұрғыны Жанғабыл Сәбиев Алматы қаласының зағип балаларға арналған колледжінде оқитын ұлы Асхат Сәбиевке материалдық көмек көрсетуді сұрайды. Жатақханада тұру ақысы жылына 300 мың теңгені құрайды. Көздері көрмейтін ата-ана мұндай соманы жинай алатын емес. Аймақ басшысы әлеуметтік қызметтерге ай сайын баланың карточкасына 30 мың теңгеден жіберіп отыруды тапсырды.