ОРАЛ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбритания мен Түркия елінде оқып жатқан студенттерді қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Электроника, құрылыс, дизайн, еңбекке орналастыру, қоғамдық қызмет саласында білім алып жатқан жастарды облыста қандай мамандықтарға сұраныс барлығы қызықтырды. Облыс басшысының айтуынша, өңірде агроөнеркәсіп, машина жасау, мұнай-газ, әлеуметтік сала сынды төрт бағытты дамытуға күш салынуда. Осы сала мамандарына қоса дәрігерлер жетіспейді. Өндірісте 47 инновациялық жоба жүзеге аспақ. Бизнесті дамытуға да білікті мамандар қажет.
Жылы шырайлы өткен кездесуде өз ісін жақсы меңгерген маманның қай уақытта да жерде қалмайтыны атап көрсетілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).