Облыс орталығында қойылып жатқан аудандардың шығармашылық есеп концертін жаңақалалықтар жалғастырды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Домбырадан күмбірлете күй төккен Құрманғазы баба мен Дина әженің, Мәмен, Қали сынды тектілердің елінен келіп, кең залды ән мен биге бөлеген жаңақалалықтардың өнерін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған жұртшылық қызыға тамашалады.
Аудан әкімі Төлеген Мерғалиев атап өткеніндей, жаңақалалық өнерпаздардың Орал қаласына үлкен топпен келіп өнер көрсетпегеніне тоғыз жыл болған екен. Облыс әкімінің биылғы бастамасы талай өнерпаздың жолын ашып, өнер көгінде кеңінен самғауына жол ашты. Екі сағаттық концерттік бағдарламада сан түрлі жанр бойынша өнер көрсетілді.
Құрамында 45 адамы бар халық оркестрі, 60 адамнан тұратын хор, алпысқа жуық бишісі, оған қоса термеші, әншісі бар үлкен құраммен келген жаңақалалықтарға Жайық жұртшылығы айрықша қошемет білдірді.
Облыс аудандарының өнер кеші бұдан кейін де жалғасады. Наурыздың 10-ында Сырым ауданының өнерпаздары облыс сахнасына шығады.