Облыста денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға артты - Қ. Бозымбаев

None
АСТАНА. 10 қазан. ҚазАқпарат - Облыста денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға артты. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанынындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев мәлім етті.

«Облыс тұрғындарын тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталған бюджеттік қаржы көлемі 2,6 есеге ұлғайды. Денсаулық сақтау мекемелерін медициналық жабдықтармен және техникамен жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 3,7 еседен астам қаржы бағытталды»,- деді Қ. Бозымбаев.

Белгілі болғандай, соңғы төрт жылда облыста 44 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 23 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілуде.

Олардың қатарында: Жамбыл ауданындағы 250 келушіге арналған емхана, Тараз қаласындағы 200 төсектік қалалық балалар ауруханасы және 300 орындық қалалық көпбейінді аурухана және ауылдардағы 20 дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер.