«Бүгінгі күні «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өңірлік нышандардың сипаттамасын және оларды пайдалану тәртібін айқындау құзыреті Астана және Алматы қалаларының мәслихаттарында ғана қарастырылған. Басқа өңірлерге қатысты бұл мәселе заңнамалық тұрғыдан реттелмеген. Осыған орай Сіздің ұсынысыңызды «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобаларын Парламентте талқылау барысында бірлесіп пысықтауды ұсынамыз. Заң жобаларын Парламент қарауына осы жылғы желтоқсанда енгізу жоспарланған», - деді Әлихан Смайылов жауабында.
Оның атап өтуінше, жергілікті атқарушы органдарға және мәслихаттарға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі өңірлік нышандарды әзірлеу және бекіту жөніндегі үлгілік ереженің жобасын даярлады.
Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі өз құзыретін үлгілік ережені бекіту мәселесімен толықтыру тетіктерін пысықтап жатыр.
«Барлық әкімдіктер жанында мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия жұмыс жасайтынын ескере отырып, өңірлік нышандарды әзірлеу және пайдалану мәселелелерін аталған консультативті-кеңесші органдардың аясында қарастыруды орынды деп санаймыз. Сонымен қатар 2023 жылға мемлекеттік рәміздерді пайдалану және геральдикалық мәселелер бойынша жұмыстарды насихаттау бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес келесі жылы өңірлік нышандарға арналған семинарлар ұйымдастырылады», - деді Үкімет басшысы.