Облыстардан аудандарға 14 мемлекеттік функцияны беру жоспарланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әкімшілік реформа аясында республика облыстарынан 14 мемлекеттік функция аудандарға өтетін болады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«Жергілікті билік деңгейлері арасында облыстықтан аудандық деңгейге 14 функцияны өткізу көзделіп отыр. Олардың арасында облыс аумағында спорттық ғимараттар құрылысы мәселелерін үйлестіру, шалғайдағы елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беретін орта мектептерге тасымалдау тәртібі секілді мәселелер бар», - дейді министр Е.Досаев.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы бойынша сәулет-құрылыс жұмыстарын қадағалау саласында жергілікті атқарушы органдарға лицензиялау, аттестациялау және бақылау, қала құрылысы және құрылыс, нысандар құрылысының сапасына мемлекеттік сәулет-құрылысы бойынша қадағалау, тапсырыс берушілердің техникалық қадағалау қызметін бақылау, авторлық қадағалау, жобаларды әзірлеу функциялары берілмек.

Жер ресурстарын басқару саласында да жергілікті атқарушы органдарға бірқатар функциялар жүктелмек. Атап айтқанда, олардың арасында жер заңнамасын бұзушылықтарды жою жөніндегі орындау міндетті болып табылатын ұйғарымдарды беру, жер заңнамасы саласында әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарау секілді өкілеттіктер бар.

Еске сала кетейік, заң жобасымен Үкіметтің бүгінгі қолданыстағы 2 342 функциясының 1598-ін министрліктерге беру көзделіп отыр. Оның ішінде әлеуметтік саланың - 98, ауыл шаруашылығының - 227, көлік, байланыс және коммуникация саласының - 225, энергетика саласының 83 функциясы бар.