Облыстық әкімдікте кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы болды - Қызылорда
Отырыста Арал және Қазалы аудандарындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданған шаралар, аудан мектептеріндегі нашақорлық пен шылымқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Бұлар туралы Арал ауданы әкімдігі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Жұмакүл Әлішева, Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Толыбай Жүсіпов хабарлама жасады. Олардың айтуынша, екі ауданда да аталмыш мақсатта нақты жұмыстар жүргізілуде. Тиісті комиссия отырыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жасөспірімдер жат әдеттерге бой алдырмауы үшін түрлі семинарлар мен дөңгелек үстел мәжілістері ұйымдастырылуда.
Ал облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Шархан Бихожаев мектеп оқушыларының арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша мектеп инспекторлары мен педагогикалық ұжымдардың бірлескен өзара іс-қимыл жобасын ұйымдастыру жайында баяндады. Соңғы бес жылда жасөспірімдердің қылмыс жасау деңгейі тұрақтанған. Дегенмен, әлі де оң мен солын тани қоймаған балалардың түзу жолдан жаңылыс басуы кездеседі. Биылғы жылы олардың қатысуымен 41 қылмыс жасалған. Олардың басым көпшілігі арнаулы оқу орындары мен мектеп оқушылары болып отыр. Тіпті, ауыр және қасақана ауыр қылмысқа ұрынған жасөспірімдер де бар.