Облыстық сот төрағаларына мемлекеттік тіл мәселесін ерекше әрі бірінші кезектегі бақылауға алу тапсырылды - ҚР Жоғарғы соты
Бүгін республика соттарының 2011 жылғы жұмысының қорытындылары жөніндегі кеңейтілген кеңес барысында Жоғарғы сот төрағасы осы мәселе жөнінде арнайы тапсырма берді.
Б.Бекназаровтың айтуынша, республика соттарының алдында тұрған басты әрі маңызды мәселелердің бірі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту болып табылады. «Бұл мәселе бойынша арнайы жүргізулген талдау жұмыстары республикада мемлекеттк тілде қаралатын істердің артып келе жатқандығын көрсетті. Мысалы Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарында мемлекеттік тілде қаралған істер саны 60 пайыздан асып отыр. Алайда қазір кадр жетіспеушілігі, соның ішінде әділ сот билігін мемлекеттік тілде атқаратын судьялар саны жетіспей отырғандығы байқалады. Сондай-ақ біліктілігі жоғары, мемлекеттік тілді жақсы білетін, сотқа дейінгі құжаттарды қарауға қолғабыс етіп, істің сапалы қаралуына ықпал ете алатын адвокаттардың да жетіспеушілігі білінеді», - деді Жоғары сот төрағасы.
Оның айтуынша, еліміздің сот саласында мемлекеттік тілге қатысты біршама жақсы жетістіктердің болуына қарамастан, жалпы жағдай жіті бақылауды қажет етеді. «Бұл ретте басты назар мемлекеттік тілдегі құжат айналымының көлемін арттыруға бағытталуы тиіс. Облыстық сот төрағаларына осы мәселені ерекше және бірінші кезектегі бақылауға алуды тапсырамын», - деді Б.Бекназаров.