Сенатордың айтуынша, сот билігі жүйесіндегі тәжірибеде байқалғанындай, облыстық сот құрылымын жаңғырту қажет. Өйткені, сот дауларына тартылатын тараптардан жергілікті соттарға қанағаттанбаушылық қана емес, сенбеушілік туралы пікір көптеп айтыла бастаған. Сонымен қатар, сенатор бір облыстық соттың деңгейіндегі әртүрлі сот инстанцияларының өкілеттігін бір ғана судьяның иеленуіне қатысты шағымдар көп екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда әділсот саласының осы проблемасын шешетін уақыт жетті. Бұдан шығар жол да бар. Бұл үшін ең алдымен 2012 жылы қолға алынған облыстық соттарды жаңғырту реформасын қисынды түрде аяғына жеткізу керек. Мұнда мен облыстық сотты бір біріне бағынбайтын екі ұйымдық құрылымға бөлу туралы айтып отырмын. Олар: облыстық апелляциялық сот және облыстық кассациялық сот. Бұндай аражігін ажырату тәжірибесіне алғышарттар да баршылық. Өйткені, әрбір облыстық соттарда апелляциялық және кассациялық инстанциялар қызметі бар», - деді депутат Б. Бекназаров.
Оның айтуынша, мұндай екі құрылым етіп бөлу барысында алқалардың әрбірі өздерінің ішкі істерін өз бетінше жүргізуге қабілетті. Сенатордың сөзіне қарағанда, бұндай қадам азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін жоғарылатады. Өйткені, бір біріне ұйымдастырушылық және басқа жағынан да бағынышты болмауы ондай соттардың судьяларына өз қателіктері үшін жеке жауапкершілікті көтеру мүмкіндігін де қарастырмақ.