Обсерваториядан алынған деректер әлемдік ғылымда сұранысқа ие

None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Бүгінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы жанындағы В.Г. Фесенков атындағы астрофизикалық институтында ғылыми және технологиялық жабдықтарды жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы ретте Қазғарыштың таңғажайып нысандарының бірі «Ассы-Түрген» астрономиялық обсерваториясының бүгінгі тіршілігі туралы «ҰҒЗТО» АҚ президентінің БАҚ-пен байланыс жөніндегі кеңесшісі Александр Губерт біздің тілшімізге әңгімелеп берді.

- Александр, Сіз осы жазда ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің (ҚАӨМ АҒК) баспасөз қызметімен бірге, Ассы-Түрген обсерваториясы телескоптарын қазақстандық БАҚ қызметкерлеріне алғаш рет көрсеткен едіңіз. Осы баспасөз туры кезінде журналистерді не таңғалдырды?

- Осы бірегей нысанның біздің қалада болуы және оның алдағы міндеттері таңғалдырған болар деп ойлаймын. Ол нысан бүгінде «екінші өмірін» бастап отыр. Мысалы, көптеген жылдар бойы тоқтап тұрған Қазақстандағы ең үлкен АЗТ-20 телескопынан биыл бақылау жүргізіле бастады. Телескопты іске қосу өткен ғасырдың 90-шы жылдарына жоспарланған еді, алайда экономикалық және саяси дағдарыстар жұмыстарды аяқтауға мүмкіндік бермеді. 2016 жылы телескоп қайта қолға алынды, электрмеханикалық бөлшектерді қалпына келтіру, айнаны тазалау, заманауи басқару және деректер тарату жүйелерін бейімдеу бойынша күрделі жұмыстар кешені атқарылды. 2017 жылдың басында телескоп тестілеу сынақтарынан өтті және онда алыс ғарышты зерттеу бойынша жұмыстар басталып кетті.

- Обсерваторияны жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр ма?

- Иә, қазіргі уақытта институттың мамандары мен инженерлері диаметрі 1,5 метр болатын айнасы бар АЗТ-20 телескопының бақылау мұнарасына көтерілу жеделсатысын орнатумен және оны іске қосумен айналысуда. Мұнараның телескоптың күмбезімен бірге алғандағы биіктігі 46 метрге жетеді. Бұл жерден көтерілген булардың бақылау нәтижелерін бұрмаламау үшін жасалған. Ғарыштық нысандарды тікелей бақылау үшін күнделікті телескопқа көтерілу қажеттігі болмаса да (қазіргі заманғы сандық жабдықтар бұл жұмысты қашықтықтан орындауға мүмкіндік береді), телескоптың өзі, аса күрделі процесті тетік ретінде кезекті назарды және қызмет көрсетуді қажет етеді. Сонымен қатар, аталмыш аспапты қазақстандық астрономдардың қонақтары мен әріптестеріне көрсету мүмкіндігінің де маңызы зор.

- Қазақстан ғарыш ғылымы үшін обсерваторияның рөлі қандай?

 - «Ассы- Түрген» обсерваториясы Алматы қаласынан шығысқа қарай 85 шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 2750 метр биіктіктегі аттас үстіртте орналасқан және ол жердің астроклиматы өте тамаша: онда атмосфераның жоғары тұнықтығы, жарықтың жоқтығы және өте төмен турбуленттік байқалады. Міне, сондықтан да отандық астрономия ғылымның даму болашағы осы нысанмен тығыз байланысты. 2015 жылы обсерваторяда RC500 (айнасының диаметрі 0,5 м) орнатылды, ол геостационар орбитадағы нысандар мен ғарыштық қоқыстарды бақылауға бағытталған. Ол екі ұлттық спутниктік топтары бар Қазақстан үшін өте маңызды. Сонымен бірге, обсерваторияда түрлі ғылыми ұйымдар мен университеттердің жаңа телескоптарын орнату жоспарланған. Бұл әлемдік ілімнің ортасында болып, белгілі тақырыптар бойынша жетекші топтардың жобаларын табысты біріктіруге мүмкіндік ашады. Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясы телескоптарын жетілдіру тәжірибесіне сүйене отырып,  деректерді өңдеу ағынын топтастыруға және жылдамдығын арттыруға мүмкіндік беретін телескоптарды біртұтас жүйеге біріктіру қағидасы қолданылып жатыр. Ол өз кезегінде, жуық арада бір уақытта бірнеше телескоптан бақылау жүргізуге және деректер жинақтауға жол ашады.

 - В.Г. Фесенков атындағы астрофизикалық институттың әлем ғалымдарымен халықаралық ынтымақтастығының болашағы қандай?

-Астрофизикалық интитуттың халықаралық байланыстары өте кең. Шетелдік әріптестермен бірлесіп орындап отырған бірнеше бағарламалары мен жобалары бар. Обсеоваторияда Карл Цейс фирмасының 1 метрлік телескопы сәтті жұмыс істеп тұр. Ол арқылы көп жылдардан бері Хербиг класындағы жас жұлдыздарға, симбиотикалық нысандарға және рентген компонентті қосарлы жүйелерге  бақылау жүргізіледі.  Айтпақшы, «ҰҒЗТО» АҚ және В.Г. Фесенков атындағы астрофизикалық институттың даму стратегиясында «Ассы-Түрген» обсерваториясы ашық халықаралық ынтымақтастық үшін ғылыми хаб ретінде пайдаланылады. Өзінің орналасуына, астрономиялық климаттың қолайлылығы мен ластанудың болмауына байланысты бұл обсерваториядан алынған деректер әлемдік ғылымда сұранысқа ие болып отыр. Қазіргі уақытта обсерваторияда неғұрлым ірі, айнасының диаметрі 3,6 метрлік телескоп орнату құрылысына инвестициялық ұсыныс әзірленіп жатыр. Мұндай масштабтағы жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі астрономиялық қауымдастықта Қазақстанның өте маңызды орынға ие болуына жол ашады. Ғылымға жас ғалымдардың келуіне, сондай-ақ ФАФИ Қазғарыш пен Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш министрлігінің  қолдауына  үлкен үмітпен және сеніммен қарайды.

 

- Сұхбатыңызға рахмет.

 

Сара Қабиқызы