Офицер «Айфонынан» айырыла жаздаған қызға көмектесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Сарыарқа ауданында Ұлттық ұлан офицері майор Тимур Рахимов бұған дейін темір торда жазасын өтеген қылмыскерді қолға түсірді. Бұл туралы ҚазАқпарат Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қызметтен кейін үйіне оралған ұландық офицердің назарын ауладан шыққан жанжал аудартады. Азаматша айқалап, көмек сұрап жатыр екен. Сол сәтте белгісіз ер азамат әлгі әйел адамды жерге құлатып, қаша бастайды. Тез арада қыздың қасына барса, қыз жылап тұр, үсті қан. Жедел қашқынның соңына түсіп, оған тоқтауды сұрайды. Бір шақырым өткенде ғана ұландық офицер әлгі азаматты қуып жетеді. Қоян-қолтық ұрыс әдісін пайдалана отырып, оны қолға түсіреді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері келгенше қаскөйді ұстап, кейін ішкі істер органдарының қызметкерлеріне табыстайды»,- делінген баспасөз парағында.

Кейін белгілі болғандай, қаскөй «Айфон-7» ұялы телефонын алып, ізін жасырмақ болған. Ол бұрын жасаған қылмысы үшін Ресей Федерациясында 10 жыл жазасын өтеп шыққан. 

Айта кетсек, астаналыққа көмектескен майор Т. Рахимов 10 жылдан аса уақыт Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарады.