Офшорлық аймақтардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жариялана ма – Үкімет басшысының жауабы

Фото: Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының офшорлық аймақтардан және шетелдік юрисдикциялардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жариялауға қатысты сауалына жауап берді.

- 2001 2014 жылдар кезеңінде Қазақстанда капиталды жария етудің үш кезеңі өткізілді. Оның қорытындысы бойынша бюджетке 6,674 трлн теңге, оның ішінде бірінші кезеңде – 70 млрд теңге, екінші кезеңде – 904 млрд теңге және үшінші кезеңде 5,7 трлн теңге түсті. Офшорлық аймақтардан және басқа да шетелдік юрисдикциялардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жасау туралы ұсыныс елдің қаржылық орнықтылығын нығайту және инвестициялық әлеуетін арттыру жөніндегі ықтимал құралдардың бірі саналады, - деді Премьер-Министр жауабында.

Сонымен бірге Үкімет басшысы бұл мәселе кешенді әрі салмақты тәсілді талап ететіндігіне назар аудартады.

- Рақымшылық жасау кезінде жасалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттердің, әсіресе, егер олар ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында жасалған болса не террористік әрекеттермен, есірткі қылмыстарымен және басқа да ауыр құқық бұзушылықтармен байланысты болса, ауырлығын ескеру қажет. Сонымен қатар төрелік даулардың тәуекелдерін, халықаралық келісімдердің сақталуын, сондай-ақ қайтарылуға жататын активтер орналасқан елдердің ұлттық заңнамасын ескере отырып, ықтимал қаржылық шығындарды ескеру керек. Айтылғанды ескере отырып, офшорлық аймақтардан және шетелдік юрисдикциялардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жариялау туралы мәселе мұқият әрі жан-жақты талдауды талап етеді, - деді Олжас Бектенов.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бақыланатын шетелдік компанияларға салық салу қағидаларын қоса алғанда, қосымша салықтық тетіктерді енгізу жоспарланып отыр.