ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 26 мамырдағы үкімімен Болат Аймағамбетов ҚР ҚК 124-бабы 2-бөлігімен (жас балаға қатысты азғындық) және 121-бабы 4-бөлігімен (сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті) айыпты деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш соттың баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Орал қаласының тұрғыны Б.Аймағамбетов 2007 жылы туған өгей қызына күш қолданбай, азғындық және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, заңды өкілдің, куәлардың, сарапшылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау, алу, сараптама қорытындыларымен дәлелденген.
Прокурор Аймағамбетовке түпкілікті 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, жәбірленуші тарап мұнымен келісті.
Сот заң талаптарын ескере отырып, Аймағамбетовке ең жоғары жаза кесті. ҚР ҚК 121-бабы 4-бөлігімен 15 жыл, 124-бабы 2-бөлігімен 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Бұл жазалар ішінара қосылып, түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар Б.Аймағамбетов педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс жасауға байланысты қызметтермен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).