Оның кітапқа деген ықыласы бала кезінен қалыптасқан. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған анасы үшінші сыныпта оқып жүргенде оны кітапханаға ертіп апарған. Алғашқы оқыған шығармаларының қатарында Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесі мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы бар. Кейін университет қабырғасында шетел әдебиетіне қызығушылығы артып, кітап оқу күнделікті дағдысына айналған.
– Кітап оқу мен үшін бет жуу, тіс тазалау секілді күнделікті әдетке айналды. Күніне кемінде 15 минут, мүмкіндік болса бір жарым сағаттай кітап оқимын. Бұл менің көңіл күйімді реттеп, жанымды тыныштандыратын құралдардың бірі, – дейді ол.
Кітаптың Назымның жеке өмірінде де орны ерекше. Жолдасымен де осы ортада танысқан. Жүктілік кезінде де көркем әдебиетті жиі оқып, кітаптан жан тыныштығын тапқан. Бүгінде бұл әдет отбасылық дәстүрге ұласты. Ерлі-зайыпты ұлдарының бойына да кітапқа деген сүйіспеншілікті сіңіруге тырысады.
Үш жастағы Әлімхан өсіп келе жатқан үйдің қонақ бөлмесі кітап сөрелеріне толы. Ата-анасы баласына кітапты дайын таңдап бермейді. Керісінше кітап дүкеніне бірге барып, өзіне ұнаған әдебиетті таңдауына мүмкіндік жасайды. Қазір баланың динозаврларға қызығушылығы басым болғандықтан, осы тақырыптағы кітаптар мен ойыншықтарды бірге іздейді.
– Біз баламызға телефон бермеуге тырысамыз. Мүмкіндігінше күніне 15 минуттай ғана қазақ тіліндегі ескі мультфильмдерді көрсетеміз. Ал ұйықтар алдында ертегі оқу – отбасымыздағы әдет. Кейде кітапты өзім оқып берсем, кейде балам суреттеріне қарап, кейіпкерлерге ат қойып, оқиғаны өзі құрастырады. Осылайша қиялы дамып, ойын жеткізуге үйреніп келеді, – дейді Назым Сапарова.
Оның айтуынша, баланы кітапқа баулуда ата-ананың үлгісі шешуші рөл атқарады. Үлкендердің қолынан кітап көрген бала да соған қызығады. Сондықтан баламен бірге кітап дүкендері мен кітапханаларға бару, театр қойылымдарын тамашалау, оқыған шығармаларын талқылау маңызды. Мұндай орта баланың әдеби кейіпкерлерді көз алдына елестетіп, өздігінен әңгіме құрауына ықпал етеді.
Маман балаға кітап таңдағанда оның жас ерекшелігі мен қызығушылығын ескеруге кеңес береді. Сәби кезінен бастап-ақ кітаппен таныстыруға болады. Алғашқы кезеңде ақ-қара түсті суреттері бар кітаптарды, кейін дыбыс шығаратын, сипап сезуге арналған тактильді басылымдарды ұсынуға болады. Бала есейген сайын жануарлар әлемі, ертегілер мен түрлі оқиғаларға арналған кітаптарға көшкен жөн.
Назым Сапарова баланың кітап оқуы тек сөздік қорын молайтып қана қоймай, ойлау қабілеті мен қиялының дамуына да жол ашады деп есептейді. Шығарманы оқыған бала оқиға желісін түсініп, кейіпкерлердің әрекетін бағалайды, өз бетінше қорытынды жасауға дағдыланады.
– Әр кітап – бір ұстаз. Әр шығарма оқырманға белгілі бір ой салып, өмірде қандай шешім қабылдауға болатыны жөнінде ойландырады. Кітап оқыған адам ақпараттың бәрін сол күйінде қабылдамай, оны саралап, сүзгіден өткізе алады. Сондықтан баланың бойында ең алдымен ойлау қабілетін қалыптастыруымыз керек. Мектепке барған кезде оның білім алуға дайындығы да осыдан басталады, – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін, кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыратын отандық платформа жайлы жазған едік.