Оклендте футболдан әлем чемпионаты басталайын деп жатқанда қарулы адам оқ жаудырды

ОКЛЕНД. ҚазАқпарат - Жаңа Зеландиядағы Окленд қаласының орталығында ФИФА әйелдер арасындағы әлем чемпионатының ашылуына бірнеше сағат қалғанда атыс болып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Franz P. Sauerteig/Pixabay

Таңғы сағат 07:22-де орталықтағы құрылыс алаңында болған оқиғадан кейін тағы алты адам, соның ішінде полиция қызметкерлері жарақат алды, қарулы адам да мерт болды.

Премьер-министр Крис Хипкинс бұл шабуылды лаңкестік әрекет ретінде қарастырмайтынын айтты.

«Турнир жоспарланғандай өтеді» деді ол.

Оның айтуынша, полицияның қауіп-қатердің бетін қайтарды, бәрі тыныш.

«Шабуылдың саяси немесе идеологиялық себебі жоқ» деді премьер-министр.

Қарулы адам помпалық шолақ мылтықпен қаруланған.

Хипкинс мырза елді қатерден аман алып қалған Жаңа Зеландия полицейлеріне алғыс айтты.

Окленд мэрі Уэйн Браунның айтуынша, ФИФА бүкіл қызметкерлері мен футбол командаларына ешқандай қауіп жоқ.

Ашылу матчы Eden Park стадионында Жаңа Зеландия мен Норвегия арасында өтеді.

Спорт министрі Грант Робертсон бұл аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша полиция жұмыс істейтінін айтты.

Әйелдер арасындағы тоғызыншы әлем чемпионатын Жаңа Зеландия мен Австралия бірлесіп өткізіп жатыр.

Бұған дейін қала басшысы тұрғындарға үйде қалып, қалаға шықпау керектігін ескерткен.

Полицияның хабарлауынша, біреу хабарласып, құрылыс алаңында беймәлім адамның қарудан оқ атып жатқанын естігенін жеткізеді. Қарулы адам ғимарат арқылы өтіп, оқ атуды жалғастырған.

Содан кейін ол лифт шахтасына кіріп кетті. Полиция онымен тілдесіп, байланыс орнатуға тырысты. Бірақ ол ешкімді тыңдамай тағы оқ жаудырды және көп ұзамай өзі де мерт болды.

Атыстан кейін жағалау мен орталық іскерлік ауданға қарулы полиция молынан жиналды.

АҚШ Ұлттық әйелдер футбол лигасының бас спорт директоры Татьяна Хаенни атыс болған жерге жақын жерде тұрады.

Ол BBC News-ке сонда келген полиция көліктерінің дыбысынан оянғанын және олар оған үйде қалуды бұйырғанын айтты.

«Әзірге бізде бәрі жақсы, қауіп жоқ», - деді ол.