Өкініш пен кешірім: Шерзат сотындағы жарыссөзде айыпталушылар не айтып жатыр

Фото: Видеодан скрин

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында жарыссөз өтіп жатыр.

Сотталушы, кәмелетке толмаған Думан Ысқақ соңғы сөзін айтты.

— Мен адвокатым айтқан сөздермен толық келісемін. Мен нақты қылмыс жасалғанын 4 қазан сағат 11-12-лер шамасында білдім. Құрметті сот, мені ақтауыңызды сұраймын. Барлығы әділ болуын сұраймын, — деді ол.

Оның сөзін сотталушы Шыңғыс Белғожаев жалғастырды. Ол Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен жауапкершілікке тартуды сұрады.

— Мен сол жерге барып, болған жағдайға араласып, ұрып-соғып, төбелесте болғаным үшін жәбірленушілерден кешірім сұраймын. Болған оқиғаға қатты өкінемін. Құрметті сот, біз ешқандай қылмыстық топ емеспіз. Қасақана төбелесеміз деген ойымыз да, ниетіміз де болған жоқ. Мұндай оқиға болатынын білгенде, бізді мылтықпен дайындалып күтіп отырғанын білгенде, бармақ түгілі, мүлдем жоламайтын едім. Құрметті сот, Нұрымов Қаржаубай «Шыңғыс мені пышақпен қуалап, киімімді жыртты» деп өтірік айтып, жалған сөйлеген болатын. Ондай жағдай болған жоқ және мен бәкінің сабымен ұрған жоқпын. Қалған іс-әрекеттерімнің барлығын мойындаймын. Бірінші күннен бастап мойындап келемін. «Ер-жігіт көрмеймін деген жерін үш көреді, жақсы ат баспаймын деген жерін үш басады» дейді. Сол секілді біздің оқиға ойламаған жерде болды. Біз депутаттың, әкімнің, прокурордың, соттың балалары емеспіз. Қарапайым отбасынан шыққан адамдармыз. Бізге тағылған айып секілді Нұрымов Қаржаубай мырзаға ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен жауапкершілікке тартуыңызды сұраймын, — деді ол.

Фото: Видеодан скрин

Сонымен қатар Шыңғыс Белғожаев жәбірленуші тараптың материалдық өтем туралы азаматтық талабын қанағаттандырмауды сұрады.

— Азаматтық талап бойынша есептеп қарасақ 660 млн шығып тұр. Мұндай мөлшердегі соманы осы жердегі 9 адам болып өмір бойы Қазақстанда жұмыс істесек те, таба алмаймыз. Сондықтан бұл өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруыңызды сұраймын, — деді ол.

Одан кейін сотталушы Нұрқияс Ілиясов сөз алды. Ол өз ісіне өкінетінін айтты.

— Оқиға болған жерге барғаныма қатты өкінемін. Ол оқиғада Шерзат марқұм мені ұрды, екіншіден ағасы бізге атты. Мен сөйлесу мақсатында барғанмын. Үшінші рет оқтап жатқан кезде нақты бізге атады деген оймен мылтығын алып, ұрдым. Солай істегеніме өкініп отырмын. Бәрінен кешірім сұраймын. Құрметті сот, сізден сұрайтыным — әділ жаза, — деді ол.

Фото: Видеодан скрин

Сотталушы Дидар Қалиахмет те өзінің соңы сөзінде соттан әділ шешім шығаруды өтінді.

— Мен Шерзаттың әкесінен және анасынан кешірім сұраймын. Оның себебі — полиция қызметкерлеріне қоңырау шалмағаным үшін және арашаламағаным үшін. Екіншіден, анамнан, әкемнен, жұбайымнан, бала-шағамнан кешірім сұраймын. 8 ай бойы ол кісілерге халықтың жаман сөздерінен кешірім сұраймын. Құрметті сот, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын. Мен мұнда ешкіммен төбелескен жоқпын. Төбелескен дәлелдеріңіз болса, дәлелдеңіздер. Сіздер дәлелдеген жоқсыздар, — деді ол.

Еске салайық, кеше прокурор сотталушыларға қандай жаза сұрағаны белгілі болды.

Сонымен қатар прокурор куәгер қыздардың іс-әрекетін қайта тексеру керек екенін атап өтті.

Ал сотталушының адвокаты Шерзаттың әкесіне қатысты іс қозғауды өтінді.

Бүгін Дархан Әскентай мен Равиль Сәкиев соңғы сөзін айтты.

Олардан кейін Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаев сөз сөйледі.