ОҚО: 21 мың 139 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспақшы

Фото: None
АСТАНА. 27 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мәжіліс залында білім басқармасы басшысының орынбасары С.Әуесханов, ОҚО білім сапасын бақылау департаментінің директоры Л. Базарқұлова БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, ҰБТ-ға дайындық мәселесі бойынша хабарлама жасады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі 793 орта мектептің 11 сыныбын 37 мың 148 оқушы бітіргелі отыр. Оның 21139-і ҰБТ тапсыруға ниет білдірген (қазақ тілінде - 18765, орыс тілінде - 2374 оқушы).

«Облыста ҰБТ ағымдағы жылғы 1-10 маусым аралығында өткізіліп, оған 3,5 сағат бөлінеді. Белгіленген талаптар бойынша ҰБТ-ны қайта тапсыруға рұқсат берілмейді. Облыс бойынша ұлттық бірыңғай тест өткізу пункттерінің саны - 16. Оның барлығында аудиториялар (жалпы - 207, оның 28-і резерв) белгіленіп, бейнебақылау (233 дана) камералары және ұялы байланыс құралдарының сигналдарын тұншықтыру құралдары (170 дана) орнатылған», - делінген баспасөз хабарламасында.

Жалпы, Ұлттық жоғары оқу орындарына ақылы оқуға ағымдағы жылғы ҰБТ-дан өткен тестілеу нәтижелері бойынша кемінде 70 балл, басқа жоғары оқу орындарында кемінде 50 балл, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде 55 балл, оның ішінде бейінді пәннен кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10 балл), ал қалған пәндер бойынша кемінде 4 балл жинаған бітірушілер қабылданады.

ҰБТ өткізуге жауапты азаматтардың мәлімдемесіне қарағанда білім сынағына ОҚО жүз пайыз дайын.