ОҚО әкімдігі мембағдарлама арқылы көмектер алудың шарттарын халыққа жариялайтын болады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі алдағы уақыттарда мемлекеттік бағдарламаларды толыққанды түсіндіру мен ол арқылы көмектер алудың тәртібін және шарттарын халыққа жариялайтын болады. Бүгінгі шығарылым «Агробизнес 2020» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді гектарлық субсидиялау тақырыбына арналады.

ҚР Агроөнеркәсіптік кешені субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасау мақсатында «Агробизнес 2020» бағдарламасы құрылғаны белгілі. 2013-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама саланы қолдау мақсатында түрлі бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, олар:

-          ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді гектарлық субсидиялау;

-          жеміс - жидек және жүзімді отырғызуды қолдау;

-          тұқым шаруашылығын қолдау;

-          минериальды тыңайтқыштарды субсидиялау;

-          гербицидтердің, биоагенттер мен биопрепараттардың құнын арзандату;

-          мал шаруаш-ның өнімділігі мен сапасын арыттыру, мал тұқымын асылдандыру;

-          инвестициялық субсидия;

-          ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеу шығындарын ішінара өтеу;

-          кредит/лизинг пайыздық үстем ақысын субсидиялау мен АӨК субъектілерін қаржылай сауықтыру;

-          ағын су жеткізіп беру құнын ішінара субсидиялау.

 

Ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді гектарлық субсидиялау дақыл түріне байланысты. Мәселен, дәндік жүгері үшін гектарына 25 000 теңге берілсе, өнеркәсіптік үлгідегі тамшылатып суғару жүйесін қолданып өсірілген жүгеріге 80 000 теңге, күрішке 30 000 теңге, майлы дақылдар (мақсары, күнбағыс) 1 тонна өнімге 8 000 теңге, картопқа 18 000 теңге, көкөніс-бақшаға 18 000 теңге, өнеркәсіптік үлгідегі тамшылатып суғару жүйесін қолданып өсірілген көкөніс-бақшаға 80 000 теңге, мақта 15 000 теңге, мақта 1 тонна өнімге        6 000 теңге, өнеркәсіптік үлгідегі тамшылатып суғару жүйесін қолданып өсірілген мақтаға 60 000, жемшөптік дақылдарға (жаңа жоңышқа) 15 000 теңге, сүрлемдік жүгеріге 9 000 теңге, жарықты өнеркәсіптік жылыжайға (1 айналымға) 5 000 000 теңге, жарықсыз өнеркәсіптік жылыжайға (1 айналымға) 2 500 000, фермерлік жылыжайға (1 айналымға) 1 500 000 беріледі.