ОҚО әкімдігі мен Алматы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Rixos Almaty» қонақ үйінде ОҚО және Алматы тауар өндірушілерінің өзара ынтымақтастық жайлы форумы өтті. Шара барысында Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов пен ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев қос аймақтың тауар өндірушілерінің арасында өзара ынтымақтасты нығайту жайында меморандумға қол қойды.

Келісімге сәйкес ОҚО ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілері Алматыға делдалсыз тікелей өнімдерін әкелетін болады. Алматы әкімдігі өз кезегінде ОҚО фермерлеріне қосымша сату алаңдарын, көліктік-логистикалық орталықтарды қалыптастыруға мүмкіндік жасайды. Сәйкесінше, ОҚО-дан келген өнімдердің бағасы тұтынушыға 25 пайызға арзан бағамен сатылады.

«ОҚО-да А және Б класты қоймалардың тапшылығы білінеді. 500 шаршы шақырым аумақ қажет болып отыр. 2020 жылға таман осындай келісімдердің арқасында қоймалар көлемі 1 млн шаршы километрге жететін болады. Осының арқасында экспорт, реэкспорттық потенциал арта түседі», - деді «Шымкент» ӘКК басқарма басшысы Талғат Алпысбаев.

Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновтың айтуынша, Алматы мен ОҚО аймақтары жалпы аймақтық өнім өндіруде көшбасшы болып отыр.

«Алматы қаласының республикалық сауда қызметі көлемінде алатын үлесі 45 пайыз, ЕДБ қаржылық ағымының 70 пайызы Алматы арқылы өтеді. Бұл екі аймақ кәсіпкерлерінің қарым-қатынасын қос бағытта дамытуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде ОҚО-ның озық тәжірибесін пайдалана аламыз», - деді Ерлан Әукенов.