ОҚО әкімдігі Ресейдің ірі сауда кешенімен әріптестікті арттырмақ

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ресейдің «Фудсиб» көтерме және бөлшек сауда кешенінің  инвесторы Дмитрий Терешков бастаған делегациямен кездесті.

Мұндағы мақсат - өңіріміздегі ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдерін Ресейге  экспорттау арқылы екі ел  арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

 Кездесу барысында  тараптар ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдерін экспорттау, тауар өндірушілерге қолдау мен кешенді қызмет көрсету жайын ортаға салды.
 

«Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытып, өзара ынтымақтастықты арттыра түседі деп сенемін. «Фудсиб» көтерме және бөлшек сауда кешенінің әлеуетін оңтүстікқазақстандық тауар өндірушілер тиімді пайдалану мақсатында  бірқатар маңызды мәселелерді талқылайтын боламыз. Бұл кездесу екіжаққа да тиімді болатынына сенімім мол», - деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Жалпы аумағы 80 мың шаршы метрді құрайтын «Фудсиб» көтерме және бөлшек сауда кешені Ресейдің Новосібір қаласында орналасқан.  Сауда кешеніне ТМД елдері мен Ресейдің өзге де аймақтарынан азық-түлік тауарлары тасымалданады. Аталған сауда орнында  салқындатқыш қоймалар мен демалыс кешендері, мейрамханалар мен 200 ауыр жүк көлігіне  арналған арнайы тұрақ жұмыс істейді.  Жылына мұнда 120 мың тоннаға жуық көкөніс пен жеміс-жидек саудаланады. Аталған кешеннің инвестициялық құны - 5,8 млрд теңгені құрайды.
 

Айта кетейік, өткен жылы «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы мен «Фудсиб» сауда кешені арасында екіжақты  ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, «RIC ON EXPORT» бағдарламасы іске қосылған болатын. Жобаның басты мақсаты -  ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерінің экспорттық әлеуетін дамыту. Аталған келісім аясында Новосібір қаласына оңтүстікте өндірілген  ауыл шаруашылығы өнімдері жөнелтілген болатын. Екіжақты келісімге сай бүгінде  «ОҢТҮСТІК» АИО «RIC ON EXPORT» ауылшаруашылық өндірушілерінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасының шеңберінде «RIC ON KORME» атты тұрақты көрме-жәрмеңке ұйымдастырылуда.