ОҚО әкімі алматылық инвесторлармен кездесті
Бизнес конференцияға жергiлiктi және Алматы облысының iрi кәсiпкерлерi қатысты. Алғашқы болып сөз алған өңiр басшысы алматылық бизнес өкiлдерiн күнгей өлкеге инвестиция салуға шақырды.
«Оңтүстiк Қазақстан облысы бизнестi дамытуға қолайлы өңiр саналады. Өйткенi, облыстың табиғаты жайлы, өте ыңғайлы аймақта орналасқан және халқы еңбекқор. Әкiмдiк тарапынан ауыл шаруашылығын бiрнеше бағыт бойынша өркендету қолға алынуда. Олар - мақта, қарқынды бау шаруашылықтарын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерi арқылы мал шаруашылығын өркендету, сондай-ақ, жылыжай кластерiн тиiстi деңгейге көтеру. Облыста ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу саласында үлгi тұтарлық кәсiпорындар жетерлiк. Мысалы, «Бөрте Милка» компаниясы сүт өндiрушi кәсiпорындардың алдыңғы қатарына кiредi. Сондықтан Оңтүстiк өңiрiне инвестиция салған кәсiпкер ұтылмайды»,- деп атап өтті Жансейiт Қансейiтұлы.
Бизнес-конференцияда облыстық кәсiпкерлiк, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы М.Қарабаев өңiрдiң инвестициялық мүмкiндiктерi туралы баяндама жасап, алматылық инвесторларға Оңтүстiк Қазақстан облысының экономикалық әлеуетiн таныстырып өттi.