ОҚО әкімі ардақты аналарды марапаттады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің ардақты аналарына арналған мерекелік шарада қарт аналар мен алтын алқа иегерлерін марапаттады. Аймақ басшысы алтын құрсақты аналарды төл мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілегін арнады,  деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

 «8 наурыз Халықаралық әйелдер күні - шуақты көктемнің ең ізгі, мейірім мен сүйіспеншілікке толы мерекесі. Аяулы аналардың нәзік жүрегі сүйген жарына, перзентіне, туған жері мен Отанына деген махаббатқа толы. Ана - ұлық есім, құрсағынан ғалым да, ақын да, батыр да тарайды. Оңтүстік - ондай киелі аналарға кенде емес. Бүгінде өңірімізде көп балалы аналарымыз 98 600-ге жетті. Олардың 4 мыңға жуығы - «Батыр аналар», 16 мыңнан астамы -  «Алтын алқа», ал 43 мыңдайы - «Күміс алқа» иегері. Осындай батыр аналарымыз, ардақты апаларымыз аман, ғұмырлары ұзақ болсын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Салтанатты шарада облыс басшысы 35 жастағы 3 бірдей батыр ананы медальмен марапаттады. Олардың қатарында 7 ұл-қызды тәрбиелеп отырған Алима Бекбосынова, Манат Бименова, Роза Құдайбергенова сынды жас батыр аналар бар.

Осы күні Жансейіт Қансейітұлы сондай-ақ өңірге еңбегі сіңген ардагер ана, облыстың құрметті азаматы, ҚР білім беру ісінің үздігі Әліпова Клара Төлендіқызын құттықтап барды. Аймақ басшысы елі үшін ерінбей еңбек еткен анаға қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр тіледі. Мерекеге орай сый-сыяпат жасап, гүл шоқтарын сыйлады. Ардагер ұстаз, белгілі қоғам қайраткері Клара Төлендіқызы облыс басшысына ризашылығын білдіріп, ісіне береке тіледі.

Айта кетейік, Клара Төлендіқызы 1937 жылы туған. Еңбек жолын интернат пансиотында тәрбиеші болып бастаған. Негізгі мамандығы орыс тілі мен әдебиеті және тарих пәнінің мұғалімі. Партия саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек еткен.  «ОҚО Азаматтық альянсы» ассоциациясының президенті, «Кемел» әйелдер клубының төрайымы қызметтерін атқарған. «Бауырмал» сыйлығының иегері.