ОҚО әкімі білім сайысының жеңімпаздарын қабылдады

None
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов республикалық және халықаралық білім олимпиадасының жүлдегерлерін қабылдап, оларға грамоталар мен сыйлықтар тапсырды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Облыс басшысы жүздесу барысында, оқушылардың жылдан-жылға жетістіктерімен қуантып келетінін, бұл үлкен жетістік екенін атап өтті. «Оқу инемен құдық қазғандай деп, бекер айтылмаған. Бұндай жетістіктердің қандай еңбекпен келетіндігі белгілі. Бұл тек жетістік емес, дос-құрбыларыңыз үшін, сыныптастарыңыз үшін үлгілік мәні бар еңбектің жемісі. Алдағы жылдарда бұдан да биік белестерді бағындыратындарыңа сенім білдіремін. Өзімнің шын ниетпен алғысымды білдіремін»,-деді А. Мырзахметов.

Айта кетейік, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың нәтижесінде 6 алтын, 13 күміс, 8 қола медальмен облыс командасы ІІІ орынды және «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алды. Жаратылыстану математикалық бағыт бойынша Республикалық олимпиада (төртінші кезеңі) Алматы облысы, Талдықорған қаласындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» базасында 2013 жылдың 12-15 наурыз аралығында өткен болатын. Нәтижесінде ОҚО-дан барған оқушылар 11 жүлделі орынды (3 алтын, 7 күміс, 1 қола медальды) жеңіп алды.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы №1 ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 10-сынып оқушысы Серғазы Қалмырзаев осы уақытта Азия елдері арасында Қазақстанда (Талдықорған қаласында) өткізілген «Азия-Тынық мұхиты» олимпиадасында І орын, алтын медальді және «Жібек жолы» халықаралық олимпиадасында ІІ орын, күміс медальді қатар жеңіп алды. Ал, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша Республикалық олимпиада Жамбыл облысы, Тараз қаласында 2013 жылдың 25-30 наурыз аралығында өтті. Нәтижесінде облыстан барған оқушылар 16 жүлделі орынды (3 алтын, 6 күміс, 7 қола медальды) жеңіп алып, Оңтүстік Қазақстан облысының командасы республикада Астана, Алматы қалаларынан кейін 3 орынды иемденіп, «Ең үздік олимпиадалық команда - 2013» атағы берілген болатын.